Ұлыбританияның Қайта өрлеу дәуірінің театры
From Wikipedia, the free encyclopedia
Қайта өрлеу дәуіріндегі театрдың толық гүлденіп өсуі Шекспир шығармашылығымен байланысты болды.
Осы тұста Ұлыбританияда К.Марлоның, Б.Джонсонның және т.б. драматургтердің шығармашылығы шырқау биікке көтерілді. 1576 жылы Лондонда тұңғыш театр ғимараты "Театр", бертін келе "Глобус" (1599), "Фортуна" (1600) салынды. Олар Лондонның шетінде, Темзаның оңтүстік жағалауында орналасқан. Бұл төбесі ашық төртбұрышты, дөңгелек, тіпті сегіз қырлы да ("Глобус" сияқты) ғимараттар болып келді. Ғимараттың үстінде спектакль кезінде ту көтерген кішкентай мұнара болды. Спектакльдерге 1500—2000 көрермен жиналып, ойын-сауықты тік тұрып тамашалайтын болған. Сахна үшке бөлінетін: алдыңгы — просцениум; үсті қамыспен жабылып, екі жақтан бағаналармен бөлінген — артқы; балкон төрінде бейнеленген — үстіңгі; сахна кілем және төсеніштермен безендірілген, ал жоғарыда үлкен мата ілінетін: трагедияларда — қара түсті, комедияларда — көгілдір. Сахнада декорациялар өте аз болған. Көріністің қай жерде болып жатқаны кішкентай детальмен белгіленетін. Сахнада ағаш тұрса, көрініс тоғайда; тақ тұрса, сарайда өтіп жатыр деп есептелетін. Актерлердің костюмдері өте бай әрі әдемі болып келеді, бірақ олардан тарихи немесе ұлттық ерекшеліктерді табу өте қиын болды. Труппаның құрамында бар-жоғы 8—12 адам болған. Кейде әр актерге спектакль кезінде екі-үш рөлді бірден орындауға тура келген. Әдемі бойжеткендер рөлін нәзік жас жігіттер ойнаған. Ірі трагедия актерлері — К.Марло пьесаларында ойнаған Эдуард Аллейн және Гамлет, Макбет, Лир мен Отелло рөлдерін орындаған Ричард Бербедж болды. Комедиялық рөлдерді Ричард Тарлтон мен Уильям Кэмп ойнады.
"Глобус" — Лондонда 1599—1644 жылдары жұмыс істеген театр. Ғимараттың алдында рим жазушысы Петронийдің "Бүкіл әлем ойнайды" деген сөзі жазылған, Жерді иығына көтерген Геркулестің мүсіні тұрғандықтан театр "Глобус" атанды. Онда 1642 жылға дейін театрдың бас актері, трагик Ричард Бербедж (1567—1619) жетекшілік еткен "Лорд Камергердің қызметшілері" труппасы қызмет етті. Кейіннен труппаға Бербеджбен бірге Уильям Шекспир де басшылық жасады. "Глобуста" Шекспир және Қайта өрлеу дәуірінің басқа да драматургтері туындыларының қойылуы, бұл театрды елдің мәдени өмірінің ең басты орталықтарының біріне айналдырды.
1642 жылы Англияның буржуазиялық революциясы кезінде, парламент арнайы қаулы шығарып, театр ойын-сауығын көрсетуге тыйым салынды. Бұл қаулы 1660 жылы Ұлыбританияға монархияның қайта оралуына байланысты өз күшін жойды.
Қайта өрлеу дәуіріндегі У.Шекспир, М.Сервантес, Лопе де Вега, П.Кальдерон секілді, т.б. ұлы драматургтер пьесаларында тарих мәселесі өткір әлеуметтік және саяси талас-тартыстар үстінде ашылды. Олар өздерінің өмірлік мақсат-мұратын орындауға ұмтылған, ойлау мен әрекет жасау қабілеті жойқын, кесек мінезді ерен жандардың бейнесін алдыңғы қатарға шығарды. Жоғары адамгершілік пен қаһармандық, өмірге деген философиялық көзқарас, поэтикалық сезім, қайырымдылық пен зұлымдықтың ымырасыз кереғарлығы, арлылықтан арсыздыққа, трагедиялықтан комедиялылыққа табиғи түрде ауысып отырушылық, т.б. Қайта өрлеу дәуірі драмасының ерекшелігін айқындады және оның барлығы сол дәуірдегі сахналық мәдениеттің де ерекшеліктерін қалыптастырды. Драматургияның халықтығы, театрдың да халықтық сипатын айқындады. Спектакльдерді қою өнері жөнінен театр, алаң ойын-сауығына тән қарапайымдылық пен шарттылық тәсілдерін ұстанды. Бірақ Қайта өрлеу дәуіріндегі реализм тенденциясының ықпалымен актер өнері ішкі куатқа, қызуқандылық пен эпикалық көшке толы болды. Сондай-ақ адамзат болмысының психологиялық мінез қайшылықтарын, жеке адамның рухани жан дүниесін тереңірек ашуға ден қойды. Негізінен, актерлерді тәрбиелеп, үйретуге бағытталған авторлық режиссура кең өріс алды. Драмалық әрекетте музыка, ән мен би табиғи үйлесім тапты. Еуропа елдерінде кезбе актерлер труппасынан басқа, театр антрепренерлері басқарған жекеменшік немесе актерлер жолдастығы типіндегі тұрақты кәсіпорындар (мысалы, Лондондағы "Глобус" театры) пайда бола бастады. Көптеген сарай театрлары ұйымдастырылды.