Негізгі белдеу
From Wikipedia, the free encyclopedia
Астероидтардың негізгі белдеуі — Марс пен Юпитер орбиталары арасындағы астероидтар айналып жүретін аймақ. Күн жүйесіндегі астероидтар шоғырланған басқа аймақтардан (мысалы, Жерге жақындайтындардан) ажырату үшін оны Негізгі белдеу деп атайтын болған.
Негізгі белдеуге кіретін астероидтардың жалпы массасы Ай массасының 3%-на ғана тең. Сол жалпы массаның 60%-ы төрт астероидқа тиесілі: Церера, (4) Веста, (2) Паллада, (10) Гигея.[1] Мұндағы ең ірі нысан Церераның диаметрі 940 шақырымға тең және, заманауи көзқарас бойынша, ол ергежейлі планеталар қатарына жатқызылады. Қалған үшеуінің диаметрлері 400–500 шақырымның шамасында. Басқа астероидтар бұлардан әлдеқайда кіші болып келеді, өлшемдері тіпті бірнеше метрге дейін барады.
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, Негізгі белдеуде диаметрі 1 шақырымнан асатын астероидтардың саны 700 мыңнан 1,7 миллионға дейін барады.[2]
Көпшілік қабылдаған теория бойынша, планеталар пайда бола бастаған кезеңде бұл аймақта ғарыштық тозаңның аккрециясына Юпитердің гравитациялық өрісі кедергілер келтіріп жүрген. Сондықтан планетезимальдар одан ірі нысандарға айнала алмаған және көптеген соқтығысулар нәтижесінде шағылып, ұсақталып қалатын.[3]