Биогеоценоз
From Wikipedia, the free encyclopedia
Биогеоценоз (био..., гео... және гр. koіnos — жалпы) — жер бетінің табиғат жағдайлары біртекті алқабын мекендендейтін өсімдіктер, жануарлар және ағзалар бірлестігі. Мысалы: батпақ, көл, орман, тоғай, т.б.
Биогеоценоз терминін 1940 ж. орыс ғалымы В.Н.Сукачев ұсынған. Ғылыми әдебиетте биогеоценозды экологиялық жүйе деп те атайды. Дара бастың зат алмасу және энергия қабылдау процестері биогеоценоз популяциялары арасындағы байланыстардың негізін құрайды. Қоректену әдісіне қарай барлық тірі организмдер автотрофты организмдер және гетеротрофты ағзалар болып бөлінеді. [1]
Биогеоценоздағы зат айналымы тіршіліктің пайда болу процесінде қалыптасып, тірі табиғат эволюциясының дамуы нәтижесінде күрделене түседі. Сондай-ақ, биогеоценозда зат айналымы болу үшін экожүйеде анорганикалық заттардан органикалық заттар түзетін және Күн сәулесінің энергиясын басқа түрге өзгертіп, сол органикалық заттарды пайдаланып, оларды қайтадан анорганикалық қосылыстарға айналдыратын организмдер болады. Биогеоценоздың негізін продуценттер, консументтер, редуценттер құрайды.
Биогеоценозды және онда өтіп жатқан процестерді сипаттайтын көрсеткіштер:
- түрдің алуан түрлілігі (осы биогеоценозды құрайтын өсімдіктер мен жануарлардың түрлерінің саны);
- популяция тығыздығы (бір түрдің аудан немесе көлем бірлігіне келетін дара бастар саны);
- биомасса.[2][3]
Биогеоценоз 2-ге бөлінеді.
- Табиғи биогеоценоз (тоған, орман, т.б.) — табиғи сұрыпталу нәтижесінде қалыптасатын өздігінен реттелетін күрделі де тұрақты биологиялық жүйе.
- Жасанды биогеоценоз — түрлі агрономиялық әдістерді қолдану нәтижесінде алынған агроценоздар. Бұған қолдан жасалатын шалғындықтар, егістіктер мен жайылымдар, қолдан отырғызылатын ормандар жатады.[4]