Һомо Неандертал
From Wikipedia, the free encyclopedia
Һомо неандертал (лат. Homo neanderthalensis немесе лат. Homo sapiens neanderthalensis)[1] — ежелгі адамның жойылған Һомо түрі немесе туыстасы болып, олар Еуразияда 40 000 жыл бұрынға дейін жасаған. Олар бәлкім қазіргі адамның арғы атасы болған Һомо Сапиенстер көшімен бәсеккеде жеңіліп, немесе бәлкім климат өзгерісіне төтеп бере алмай, немесе жұқпалы дерттен, немесе осы факторлардың бірдей әсерінен құрып кеткен делінеді.
Неандертальдықтар қазіргі адамның ата-бабасынан қашан бөлініп шыққаны анық емес. Зерттеулер 315 000 жылдан 800 мың жылға дейінгі деп жорамалдайды. Неандертальдардың ата-бабалары Һомо Хейделбергтерден бөлініп шығу уақыты да белгісіз. Неандертальдық ең көне сүйектері 430 000 жыл бұрынға барады, бірақ жіктелуі анық емес. Неандертальдардың 130 000 жыл бұрынғыдан бергі табылған қалдықтары көп. Үлгі ретінде, Неандертал 1 сүйетері 1856 жылы Германияның Неандер аңғарынан табылған болатын. Кейін Қырымдағы Киік-қобадан, және Орталық Азия территориясында Өзбекстанның Тешикташ жерінен де аталған Һомо түрінің сүйектері мен заттары табылған болатын.[2]. Көптеген пікірталастардан соң, ХХ ғасырдың басында неандерталдар жабайы, ақымақ және қатыгез деген көзқарас орнықты. Содан бері олардың білімі мен түйсігі туралы ғылыми қоғамдастықтар пікірі айтарлықтай өзгергенімен, жетілмеген үңгір адамы ретіндегі архетип образы баяғыдай сақталып қалды.
Һомо Неандерталдардың техологиясы біршама жетілгені байқалады. Олар Мустериан тас құралдар өндірісімен шұғылданған және отты жаға білген,[3] үңгірге пеш орнатқан, қайыңның қабығын желім жасаған, қарапайым көрпе, кіиім, жамылғы тігу қолөнерін меңгерген, яғни тоқуға қабілетті болған, Жерорта теңізінде жүзе алған, емдік шөптерді пайдаланып ауруды емдеуге тырысқан, ас пісіру техникасын да біршама игеріп, қақтау мен сүрлеуді білген. Неандертал тағамының түрі әралуан болған, бастысы тұяқты сүтқоректілер, мегафауналар, өсімдіктер, ұсақ сүтқоректілер, құстар, су және теңіз ресурстары қатарлылар еді. Олар жыртқыш ретінде үңгір аюларымен, үңгір арыстандарымен, үңгір қорқауларымен және басқа да ірі жыртқыштармен бәсекелес болды. Символды ойлау және палеолиттік өнер Неандерталдарда болған деген пікір бар, атап айтқанда сүйектен немесе қабыршақтан жасалған әшекейлер, кристалдар мен қазбалар, гравюралар, Дивже Бабе сырнайы (Divje Babe Flute), жасы 65 000 жыл бұрынға баратын испан үңгір қабырғасы суреттері қатарлылар неандерталдардың өркениеті жоғары болған деп болжауға негіз бар. Кейбір деректер оларда діни наным болғанын білдіреді. Бұл тіршілік иелері өлген жануарлардың сүйектерін және терісін пайдаланып, күрделі дәстүрлерді орындап, құрбандық шалды. Олар өз жер жастанған тумаластарын жерлеген. Кейбір тайпаларда тек тұрғын маңында қайтыс болғандарды ғана жерлейтін болған. Неандерталдар дене құрылымы сөйлеуге, дыбыстауға қабілетті екенін байқатады, бірақ олардың тіл күрделілігі қай деңгейде екені әлі белгісіз.