Суағар
From Wikipedia, the free encyclopedia
Суағар —
- судың ағын арнасындағы кедергіден (табалдырық, қабырға) асып ағу құбылысы. Егер асып аққан ағынша мен кедергінің өлшемдері мен нысандары және құбылыстың бірқатар өзге де сипаттамалары белгілі болса, кедергінің алдындағы су деңгейі мен кедергіден өткеннен кейінгі су деңгейлерінің айырмасы осы кедергіден өтетін су өтімін өлшеуге мүмкіндік береді. Суағарлар жұқа қабырғалы, практикалық қимадағы кен, табалдырықты болып бөлінеді. Су өтімін өлшеу мақсатында ең жетілген суағар жұқа қабырғалы суағар, оны өлшеуіш суағар деп атайды. Кедергіден асып ағып жатқан ағыншаның беттесу типіне байланысты су баспаған суағар (еркін ағып шығу) және су басқан суағар (күшпен ағып шығу) болып ажыратылады. Жұқа қабырғалы суағар нысанына карай тік бұрышты, үшбұрышты, қуысты, трапеция түріндегі, шеңберлі және т.б. болып іріктеледі;
- су ағындысын жүйелі түрде есепке алу үшін орнатылған гидрологиялық бекеттегі су өлшеуіш ретіндегі құрылғы. Мұндай суағардың түрлері өте көп және әр қашан ерекше жобаланады: Олар үшін өтім коэффициенттері тәжірибелік жолмен су өтімін гидрометриялық зырылдауықпен мұқият өлшеу арқылы анықталады. Құрылғының міндеті — су өлшеуіш рейкалармен судың деңгейін (арынын) өзіжазғыш арқылы жазып отыру. Жобалау барысында құрылғының конструкциясы мен материалы ағындыны есепке алу дәлдігінің талабына сәйкес таңдап алынады. Таңдау кезінде гидрографтың типтік нысаны, тасындылар мен мұзды өткізу жағдайы, бъефтердің беттесу жағдайы, грунттардың сүзілу қасиеттері мен арнаның топографиясы және өзге де біркатар сипаттамалар есепке алынады. Жобалаудағы тасындылардың толық өткізілуін қамтамасыз ету мәселесінің ең сотті шешімі — Паршалл науасы (суағар-тазағар). Қазақстанда суағардың бұл түрі гидрометриялық науа деп аталады. Арнайы ағындыны есепке алу мақсатында салынған құрылғылардан өзге, тәжірибеде бұл мақсат үшін дайын гидротехникалык имараттарды — СЭС бөгеттерін, суармалау және құрғату жүйелерін, жол құбырларын және науаларды және т.б. (оларды арнайы өлшеуден өткізген жағдайда) ыңғайлап пайдалану көп кездеседі.[1]