Салем сиқыршылары соты
From Wikipedia, the free encyclopedia
Салем сиқыршылары соты (ағылш. Salem witch trials) — 1692 жылдың ақпаны мен 1693 жылдың мамыры аралығында Ағылшындық колония ретіндегі Массачусетс штатында сиқыр жасады деп айыпталған адамдарды сиқыршы ретінде тұтқындау, тыңдау, жазалау және қудалау оқиғасы болып, тарихта бұл қатыгез сот АҚШ-тық және батыстық сот істері үшін ескерерлік маңызды мысалға айналып, заң саласына елеулі ықпал еткен болатын. Бұл сотта жалпы 200 шақты адам айыпталып, 30 шақты кісі кінәлі деп танылады; ал олардың 19-ын (14 әйел, 5 еркек) дарға асып өлтіреді. Тағылған айыпты мойындамағаны Жилес Кори атты тағы бір диханның кеудесін көшеде таспен бастырып қояды, ол үш күннен соң қайтыс болады. Ал, түрме ішінде кем дегенде 5 адам қорлықпен көз жұмады.[1]
Аталған тұтқындау Салем қаласы мен Салем қыстағынан (қазір бұл қыстақ "Данверс" деп аталады) кеңейіп, Андовер мен Топсфилд секілді көптеген қалаларда жүргізіледі. Сиқыршыларға қарсы Солтүстік Америка отаршылдық тарихындағы ең қанды жазалау болған бұл сотта алқабилер негізгі қылмыстар үшін Салем қаласында 1692 жылы Ойер мен Терминер сотын (фр. Oyer - тыңдау, фр. terminer - белгілеу) өткізсе, ал 1693 жылы Массачусетс жоғары соты істі жалғастырады. Ал, негізгі жазалау ретіндегі дарға асу сол Салем қаласында орындалады. Осы реткі жазаланғандарды санамағанда, бүкіл XVII ғ-да Массачусетс пен Коннектикут колонияларында тек 14 әйел мен 2 еркек қана өлім жазасына кесілген екен.[2]
Отарланған Америкадағы бұл оқиға сол кездегі жаппай истерия таралуымен қатысты. Оқиға саяси риторика мен танымал әдебиетте оқшауланудың, діни экстремизмнің, жалған айыптаулардың және процедуралық қателіктердің қауіптілігі туралы ерекше ескерту ретінде көрсетіледі.[3] Бұл оқиға тосын, не кездейсоқ емес, оған дейін де Еуропа мен басқа құрылықтарда, әсіресе христиандық, исламдық және басқа діни мәдениеттер алғышартында сиқыршыларды соттау оқиғасы түрлі-түсті формада сан мәрте болған еді. Дегенмен, бұл Еуропада ежелден бері орын алып келген сиқыршыларды соттау мен жазалау құбылысының отарланған Америкадағы ерекше мысалы есептеледі. Көптеген тарихшылар бұл сот АҚШ-тың кейінгі тарихында өте әсерлі болды деп санайды. Тарихшы Джордж Линкольн Беррдің айтуынша: "Салем сиқыршылдығы теократияны талқандаған жартас болды".[4]
1992 жылы оқиғаның 300 жылдығы шарасында Салем Сиқыршылары Соты құрбандарын еске алу үшін Салем қаласында саябақ, ал Данверсте (кезіндегі Салем қыстағы) мемориал салынды. 1957 жылы Массачусетс заң органы 6 адамға кешірім берген акт қабылдады,[5] ал 2001 жылы тағы бір адам, бес құрбанға кешірім жариялады.[6] 2004 жылдан бастап барлық құрбандарды ақтау туралы әңгіме көтерілуде[7][8]. 2016 жылдың қаңтарында Вирджиния университетінің "Gallows Hill" (Дарға асу төбешігі) жобасы тобы Салемдегі 19 "сиқыршы" дарға асылған жерді дәл анықтағанын хабарлады. Қала 2017 жылы сол жерде құрбан болғандарға Проктор Ледж мемориалын (Proctor's Ledge Memorial) салды.[9][10]