Паратетис мегакөлі
From Wikipedia, the free encyclopedia
Паратетис мегакөлі (ағылш. Paratethys megalake, кейде Паратетис мұхиты, кейде Паратетис теңізі, немесе жай Паратетис) — жер қыртысындағы тектоникалық кесектер жылжуына негізделіп, түрлі Геологиялық кезеңдердегі қазындыларға жүргізген анализге сүйеніп болжанған, шамамен 34 млн жыл бұрын қалыптасқан, алғашында Альпі тауының солтүстігіндегі Орталық Еуропадан Арал теңізіне дейінгі аймақты қамтыған мұхит болып, ол ауқымды кезінде "Алтайдан Парижге дейін" жайылып жатқан. Яғни Алтай тауларын бұл мұхиттың батыс жағалауы шайып жатса, келесі бір шеті қиырдағы Париж ойпатын жайлап, Атлант мұхитына сұғынып жатқан делінеді.[2] Ал, 12 млн жыл бұрын бұл мұхит тарылып, Қазақстаның батыс бөлігін, негізінен Арал теңізінің, Каспий теңізінің және Қара теңіздің айналасын қамтыған, сонау Аустрияға дейін созылып жатқан әлемдегі ең үлкен таяз көлге айналған.[3]
Паратетистің тегі қандай мұхит - мегакөл болғанын әркім әртүрлі елестетеді, оны нобайлап сызған карталар да әртүрлі. Дегенмен ортақтығы оның аталған аймаққа жайласқаны.
Бұл мұхит алғашында Кейінгі Юра кезеңінің Оксфордтық сатысында Орталық Атлант мұхитының кеңеюі ретінде қалыптасып, шамамен 34 млн жыл бұрын Олигоцен кезеңінде Атлант мұхитынан бөлініп, дербес мұхитқа айналған.[4]
Паратетис мұхиты оңтүстігіндегі Тетис мұхитымен Альпі таулары, Карпат таулары, Динарид, Тавр таулары және Эльбурс таулары арқылы бөлектенген. Паратетис өз тарихында бұл мұхит Тетис мұхитының кейінгі мұрагерлерімен, Жерорта теңізімен, және Үнді мұхитымен қайта байланыса бастайды.
Миоцен кезеңінің кейінгі мезгілі басталғанда, (12 млн жыл бұрын) тектоникалық тұзаққа түскен аталған мұхит шығыс Альпіден қазіргі Қазақстанға дейін жылжып, алып мегакөлге айналады.[5][6]
Плиоцен кезеңінен бастап (5 млн жыл бұрын) Паратетис біртіндеп таяздай бастайды. Бүгінгі Қара теңіз, Каспий теңізі, Арал теңізі, Урмия көлі, Намак көлі және басқалары сол Паратетис мегакөлінің қалдықтары.
Қоңыржай белдеудегі Таяз теңіз-көл болғандықтан бұл өңірде су өсімдіктері жайқалып өсіп, түрлі хайуанаттар, әсіресе ірі балықтар қаптаған көрінеді. Қазір де осы өңірлердегі таулардан түрлі балықтардың, көл жануарларының қалдықтары табылды, әсіресе осы аумақтардан табылған көне дельфиндердің, теңіз тасбақаларының және тіпті сармат китінің қалдықтары да ғалымдарды бұл жорамалдың растығына толық сендіріп отыр.[7]
Аталған өңірлердегі аса бай көмірсутектер қоры осы көлмен тіке байланысты екені анық.