Отыз алты айла
From Wikipedia, the free encyclopedia
Отыз алты айла (Sān shí liù Jì) — ("Қытайдың 36 қулығы" деп те аталады,) әуел баста соғыста, сосын саясатта, мәдениетте, экономикада, тұрмыста қолданылған қулық-сұмдықтар топтамасы, ол сонымен бірге адамдардың жеке қарым-қатынастарында, көп жағдайда алдамшы немесе қалыптан тыс әдістерге сүйене отырып бірқатар айла-шарғыларды қолдану туралы қытай тілінде жазылған арнаулы шығарма. Оны заманымыздың V ғасырында, Қытайдың Лю Сун патшалығы заманында Tan Daoji деген әйгілі соғыс генаралы ежелгі кітаптардағы қытай қулық-сұмдықтарын жинақтап, өзінің соғыс амалдарын қорыту арқылы жазып қалдырған.
Негізінен қытайды түсіну үшін қытайдың әскери айла-шарғыларын түсіну керек. Олардың ең ежелгі ойшылы Лао-цзы айтқан екен: "Жұмсақ қаттыны, әлсіз күштіні жеңеді" деп. Яғни тамшы су тасты теседі, жұмсақ, биязы амалдар қатал келуге қарағанда өнімді болады, қатып алғандар тез сынады, жұмсақ, бейімделгіш нәрсе өміршең, ортаға сәйкестенгіш болады. Ал, әлсіз күштіні жеңетін себебі, әлсіздер өз әлсіздігі себепті ақыл ойлай бастайды, қулық қарастырады, шығар жол іздейді. Ал, күштілер өз күшіне сеніп қалады, күштілік көбінесе қулықтың алдында сәтсіз болады. Ертегілерде кездесетін "арыстанды құдыққа құлатқан құмырсқа" туралы әңгіме желісі көбінесе осы идеяны айтатын секілді.
Сондай-ақ, Лао Цзы "Соғыспай жеңу" деген идеяны ұсынған. Бұл идея бойынша егер жауыңды соғысып жеңсең, күшпен бойұсындырсаң, олардың көңілінде қайткен күнде де өшпенділік болады, бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса бүрсікүні күшейсе сенен өш алмай қоймайды. Соғыспен жеңу уақыттық қана бойұсынуды туғызады. Ал, соғыспай жеңу деген жауыңды жұмсақ амалдармен риза етіп, сеніміне бөленіп, мәдени тәуелді етіп, өз аяғымен саған келіп берілуге қол жеткізу. Мұндай жеңіс тұрақты болады. Сондықтан "соғыспай жеңуге" тырысу керек дейді.
Сосын Лао Цзы және "Құпиялықта құдірет бар", "Құпиялық үрей туғызады" деп есептеп, құпиялыққа мән беруге, құпиялық арқылы өз жараңды сыртыңа білдірмей ("Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде"), сыртқа күшті көріну керек екенін ескертеді. Құпиялығы жоқ нәрсені кез келген нәрсе жеңіп алады, сондықтан Бірінші ереже Құпиялық болуға тиіс деп есептеген. Лао Цзыдың бұл идеяларының бәрі бүгіндері Қытай мәдениетінің қанына сіңіп кеткенін байқаймыз. Қытай айлакерлігінің үлкен бір тамыры осы Лао Цзыдың идеяларында жатыр.
Қытайдың айлакерлікке қатысты кітаптары осы "Отыз алты айламен" шектелмейді. Осыдан 2500 жыл бұрынғы қытай ойшылы Сун Цзы "Сун Цзының соғыс өнері" кітабын жазған. Аталған кітап күні бүгінге дейін әр елдің қорғаныс саласындағы оқыту істерінде, үлкен әскери жобалар мен әркекеттерде тікелей пайдаланылады.
Бұдан басқа Қытайдың әйгілі романдарының бірі "Үш патшалық хикаясы" деген кітабында да не бір айла-тәсілдер әдеби тәсілде айшықты жазылған. Онда қытай үш патшалық болып бөлінген кезде әскери айлакерліктің не бір тірі мысалдар көрсетілген.
Қытайды азат етуші көсемі Мау Зыдоң Қытайдың ішкі соғысы мен жапонға қарсы соғысында осы Дао ағымының, сосын Сун Цзының әскери ілімдерін жетілдірген, "Отыз алты айла" кітабындағы көптеген соғыс айлаларын тіке қолданған. Әсіресе партизандық соғыс жасау, соғыстың қозғалысты күйін сақтау, жау күшті, өзі әлсіз болғанда ұзаққа созылатын соғыс жасау, практикалық білімді негіз ету, қарапайым халықтың күшіне сүйену, шаруаларға жер бөліп беріп қолдауын қолға келтіру секілді көптеген ережелермен, айла-тәсілдерді дамытты.
Оны Батыс әлеміне алғаш рет таныстырған швейцариялық Һарро фон Зенгер болатын. Ол Тайбэй университетінде жұмыс істеп жүрген кезінде «Түк шықпаса, онда қашып құтыл» деген қытай мақалымен танысады.
Қазір бұл кітап әлемдегі әскери соғыс тактикасы мен стратегиясы үшін маңызы айырықша әлемдік кең тараған кітаптардың бірі есептеледі. Қытай елі 5000 жыл бойы көптеген халықтар жағынан бодан етілсе де, ақыры қытайлық мәдениет бәрін жеңіп, өзін билегендерді түгел қытайландырып шығуына бұл кітаптың зор әсері болғаны сөзсіз.