Климат
From Wikipedia, the free encyclopedia
Климат[1] (гр. κλίμα (klimatos) — еңкейіс[2]) — белгілі бір жердегі ауа райының көп жылдық режимі, яғни осы жерде болуға тиісті ауа райы жағдайларының жиынтығы мен оның жүйелі өзгеріп отыруы. Локалды климат — жергілікті жердің географиялық орнымен сипатталады. Глобалды климат — «атмосфера — гидросфера — құрлық — криосфера — биосфера» жүйесі арқылы өтетін, ондаған жылдар барысындағы статистикалық күйлердің жиынтығы.[3]
Ол физикалық (климат жасайтын) процестердің: күн радиациясының, атмосфералық циркуляцияның, атмосферадағы су алмасуының туындысы[3]. Белгілі бір жердің климатын толық білу, оның басқа жердің климатымен салыстырғандағы ерекшеліктерін айыру, сонымен қатар берілген жердің климатының өзгеруін байқау тек көп жылдар бойы жүргізілген байқауларды жүйелеу, қорыту негізінде айқындалады. Жер шарының әр нүктесіндегі климаттың әр түрлі болуы — климат құрайтын факторлардың, ягни осы процестерді жасайтын географиялық жағдайлардың айырмашылығынан туады.