Кибернетика
From Wikipedia, the free encyclopedia
Кибернетика (көне грекше: κυβερνητικός – басқару өнері, ағылшынша cybernetіcs) – басқару жүйелеріндегі ақпаратты алу, сақтау және өңдеу ісінің жалпы заңдылықтары жайлы ғылым. Кибернетикадағы зерттелетін негізгі нысандар – кибернетикалық жүйелер дерексіз (абстракт) түрде, яғни олардың табиғаты физика мазмұнына байланыссыз зерттеледі. Мұндағы басқару жүйелері ұғымына техника қана емес, кез келген биологиялық, әкімшілік және әлеуметтік жүйелер де жатқызылады.
Кибернетикалық жүйе ақпаратты қабылдау, өңдеу, түрлендіру, сақтау және алмастыру қабілеті бар бір-бірімен байланысты нысандардан – жүйе элементтерінен тұрады. Кибернетикалық жүйелерге әртүрлі автоматты техника реттеуіштер, электрондық есептеу машинасы (компьютер), тірі организмдердің жүйке жүйелері, адамның миы, адамзат қоғамы, т.б. мысал бола алады. Кибернетика ғылым ретінде техникадағы кері байланыс ашылған уақыттан қалыптасты. Адамның ойлау қабілеті де кері байланыс принципіне негізделгендіктен, осы ұқсастық кейбір биологиялық процестердің электроника терминдері арқылы сипатталуына себеп болды.[1]
Кибернетика - 1) табиғат пен қоғамдағы басқару мен байланыстың жалпы заңдары туралы ғылым; практикалық мағынада — күрделі жүйелер мен организмдердегі кері байланыс туралы ілім; 2) ақпарат жинау, жеткізу, түрлендіру, басқару жайындағы ғылым. Кибернетикалық жүйелерге мысал ретінде автоматтық реттеуіштерді, компьютерлерді, адамзат қоғамын және т.б. келтіруге болады. Кибернетиканың теориялық өзегіне ақпарат, алгоритмдер, автоматтар теориясы, операцияларды зерттеу, оңтайлы басқару теориясы, бейнелерді айыру-тану теориясы кіреді. Электрондық есептеу машиналары кибернетика мөселедерін шешудің негізгі техникалық құралы болып саналады. Н.Винердің еңбектерінде келтірілген күрделі жүйелер мен организмдердегі кері байланыс жайындағы ілім; 3) техникалық, биологиялық, әлеуметтік және т.б. Жүйелердегі басқарудың жалпы принциптері туралы ғылым.[2]