Жапырақ
From Wikipedia, the free encyclopedia
Жапырақ (лат. folіum, көне грекше: φύλλον) — жоғары сатыдағы өсімдіктердің фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, көбею қызметтерін атқаратын өсу мүшесі. Ол негізгі өркеннің жанама бұтақтарының қысқаруынан пайда болады.
Жапырақтың мөлшері әртүрлі болады. Мысалы, шөптесін өсімдіктерде 3-10 см-дей, банан жапырағының ұзындығы 1-5 м, ені 40-50 см, цейлон пальмасы жапырағының ұзындығы 10-20 м, ені 12 м-ге дейін. Жапырақтың сыртқы құрылысы — жапырақ тақтасынан (алақанынан) және сағақтан тұрады. Жапырақтың кеңейген жері — тақтасы, ал сабаққа бекінетін жіңішке бөлігі — сағағы деп аталады. Сағақсыз жапырақтар да болады. Сабақ буынынан тармақталған сағақты бір жапырақ өсіп шықса — жәй жапырақ деп аталады, олардың пішіндері әртүрлі болады, мысалы, қарағайдың, шыршаның жапырақтары — қылқан, ине, астық тұқымдастарында — таспа; көктеректе — дөңгелек тәрізді. Бір сағаққа бірнеше жапырақ орналасса — күрделі жапырақ деп аталады. Бұлар да әртүрлі болады: үшқұлақты күрделі жапырақ (беде, соя); саусақ салалы күрделі жапырақ (атбасталшын, қарасора, қазтабан, т.б.); қауырсын тәрізді күрделі жапырақ, ал бұл жұп қауырсынды (асбұршақ, ноғатық, т.б.), тақ қауырсынды (қызылмия, итмұрын, шетен, грек жаңғағы, т.б.) болып бөлінеді. Жапырақ тақтасының анатомдық құрылымы — оның қандай қызмет атқаратынын анықтайды. Жапырақ тақтасын екі жағынан да жұқа қабықшамен қапталған эпидермис жауып жатады. Эпидермистің астында борпылдақ ұлпа — мезофилл болады. Сонымен қатар бұл ұлпаның жасушаларында фотосинтезге және өсімдіктің тыныс алуына қатысатын хлоренхима бар.[1]