Ахмадия
From Wikipedia, the free encyclopedia
Ахмадия (урду: احمدیہ, сондай-ақ: Ахмедие, Ахмадият), жамағаттың ресми атауы - Ахмадия Мұсылман Жамағаты (араб.: الجماعة الإسلامية الأحمدية, оқылуы: әл-Жамаъа әл-Исламия әл-Ахмадийя) - Исламдағы діни қозғалыс болып табылады,[1][2] 19-шы ғасырдың соңында Үндістанда бастау алған. Ахмадия мұсылман жамағаты Мырза Ғұләм Ахмедтің (1835-1908) ілімдерінің негізінде құрылған, ол, ислам эсхатологиясы мен әлемдік діндердің дәстүрлі нанымдарына сай, жалпыға ортақ Ислам дінін рухани жеңісіне жетелейтін ақырғы заманның дін реформаторлығына талап білдірген. Оның мәлімдемесі бойынша, Алла Тағала оны хижра бойынша 14 ғасырдың «Мүджаддиді» (Исламдағы діни реформаторы) және мұсылман үмбетіне уәде етілген Мәсіх әрі Мәһди етіп тағайындаған.[3][4][5] Ахмадия жамағатының мүшелері өздерін мұсылмандар немесе ахмади-мұсылмандары деп атайды. Сондай-ақ, қысқаша «ахмади», «ахмадилер» [6] деген атаулар да кездеседі. Ортодоксалды ұстанымдағы мұсылман дінқызметкерлері (молдалар) ахмадилерді - «мұсылман» ретінде санамайды, және оларды «қадиянилер» (немесе «қадианиттер») деп атайды. Алайда, ахмадилер өздерін «қадиянилер» (немесе «қадианиттер») деп атамайды, олар бұндай атауларды қарсыластарының менсінбеушілігі мен кекетушілігінен тағылған атаулар деп біледі.
Ахмади-мұсылмандарының сенімдері бойынша, Ислам бүкіл адамзатқа арналған соңғы дін. Ислам Мұхаммед пайғамбарға ﷺ түсірілген. Ислам күйзеліске ұшырап, жік-жікке бөлініп, тоқырауға ұшыраған кезде, Алланың уәдесіне сай, Ислам діні уәделенген Мәсіх арқылы қайтадан өзінің пәк қалпына келіп, ғасырлар бойы жиналған дақтардан тазармақ. Мырза Ғұләм Ахмедтің келуі, Ахмадия мұсылман жамағатының пікірі бойынша, кезінде (осыдан 21 ғасыр бұрын) Иса пайғамбардың келгені іспетті орыналған, яғни діни соғыстарды доғартып, қантөгістік жауыздықтарды тоқтату үшін және адамгершілік құндылықтарды, әділеттік пен бейбітшілікті қалпына келтіру үшін келгенді.[7] Олардың айтуы бойынша, Мырза Ғұләм Ахмед Құдайдың жетекшілігіне сүйеніп, мұсылмандардың сенімдері мен іс-әрекеттеріндегі фанатизм мен бидғаттарды жойды, және Ислам дінін тек Мұхаммед пайғамбардың ﷺ хақ тәлім-тәрбиесі негізінде ұстануды үйреткенді. Осылайша, ахмади-мұсылмандары өздерін қайта өркендеудің және исламды бейбіт жолмен насихаттаудың көшбасшылары ретінде санайды.
Мырза Ғұләм Ахмед бұл қозғалыстың негізін 1889-шы жылы наурыз айының 23-де құрған. Ол кісі қайтыс болған соң, бұл жамағатқа бірқатар Халифтер (Орынбасарлар) басшылық етіп, жамағат әлемнің 200-ден астам еліне тараған. Ахмади-мұсылмандары Батыстың бірнеше елдеріне алғашқылардың бірі болып келіп, исламның руханият байрағын орнатқан.[8] Қазіргі уақытта Ахмадия мұсылман жамағатына бесінші халиф Хазіреті Мырза Масрур Ахмед басшылық етеді. Ахмади-мұсылмандарының саны шамамен 20 миллионнан асады.
Ахмадия мұсылман жамағатының мүшелері рухани тұрғыда бір ортаға бағынған, ұйымшыл, ынтымағы берік жамағат болып есептеледі. Жалпы алғанда Ахмадия мұсылман жамағаты бір бағытты ұстанады. Дегенмен, осы қозғалыс пайда болған алғашқы кезеңдерде, оның кейбір мүшелері Мырза Ғұләм Ахмедтің пайғамбарлық болмысынан және одан кейінгі орынбасарлық жүйеден бас тартып, өз білгендерінше Лахор қаласында Ахмадия қозғалысын құрған. Қазіргі кезде бұл топтың мүше саны, Халиф басқаратын Ахмадия мұсылман жамағатымен салыстырғанда, көп емес. Исламдағы Ахмадия қозғалысы пайда болған кезде, ортодоксалды ұстанымдағы ғұламалар ахмадилердің сенімдері қазіргі барша мұсылмандардың ислам түсінігіне қайшы келеді деп айыптады және оларды "кәпірлер" деп жариялады. Ғұламалардың осы ауызбіршілігін жалау еткен радикалды молдалар қара халықтың арасында ахмадилерге деген жеккөрініш сезімін тудырып,[9] оларды осы күнге шейін түрлі қудалаушылықтарға ұшыратып, адами құқықтарынан айыру үшін түрлі заңдар қабылдаттырып, зорлық-зомбылықтардың нысанасына айналдыруда.[10]