АИВ/ЖИТС
АИВ инфекциясы тудырған дертті жағдай / From Wikipedia, the free encyclopedia
Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС) — адамның иммунтапшылық вирусы (АИВ) қоздырған инфекцияның организмге әсерінен дамитын дертті жағдай.[7][8][9] Инфекция жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы не қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы мүмкін.[4] Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады.[10] Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунис инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін.[4] Инфекцияның аталған кеш белгілерінің жиынтығын жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) деп атайды.[10] Әдетте, бұл саты адамның өте қатты жүдеуімен қатар жүреді.[10]
АИВ/ЖИТС | |
Басқа атаулары | АИВ ауруы, АИВ инфекциясы, АИТВ инфекциясы, АҚТҚ/ЖҚТБ[1][2] |
---|---|
Қызыл бау АИВ-оң және ЖИТС-пен өмір сүретін адамдарға ниеттестік білдіру нышаны.[3] | |
Сала | Инфекциялық ауру |
Симптомдары | Ерте: Тұмау тәрізді синдром[4] Кештеу: лимфа түйіндерінің ұлғаюы, қызба, салмақ тастау[4] |
Асқынулары | Оппортунистік инфекциялар, өспе[4] |
Ұзақтығы | Өмір бойы[4] |
Себептері | Адамның иммунтапшылық вирусы (АИВ)[4] |
Қауіп факторлары | Вирус қан, ана сүті, қорғаусыз жыныстық қатынас арқылы беріледі[4] |
Диагностика әдісі | Қан талдамасы[4] |
Алдын алу | қорғаулы жыныстық қатынас, ине алмасу, сүндеттеу, жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактика[4] |
Емі | Антивирусты дәрілер[4] |
Болжамы | Ем жүргізілсе, қалыпты өмір сүреді, ал жүргізілмеген жағдайда 11 жыл[5] |
Жиілігі | 1.7 млн жаңа жағдай (2018) 37.9 млн адам АИВ-пен өмір сүруде (2018)[6] |
Өлім | 770,000 (2018)[6] |
өңдеу |
АИВ бірінші кезекте қорғаусыз секс (анал және орал сексі кезінде де қан, былазық, шәует, қынап шырышы арқылы), жұқтырылған қан құю, теріасты инъекцияға арналған ине арқылы, сондай-ақ жүктілік, босану не емізу кезінде анадан балаға беріле алады.[11] Вирус сілекей, тер, жас секілді дене сұйықтығы арқылы адамнан адамға берілмейді.[12]
Алдын алу шаралары: қорғаулы секс, ине алмасу бастамасы (қолданылған инені жаңасына тегін алмастыру), жұқтырғандарды емдеу, жұқтыруға дейінгі және кейінгі профилактика және ерлерді сүндеттеу.[4] Аурудан толық айықтыратын дәрі не вакцина жоқ; десе де, антиретровирусты терапия ауру ағымын баяулатып, өмір сүрудің әдеттегі ұзақтығына әкелуі мүмкін.[10][13] Диагноз қойылған сәттен бастап, емдеуді бастау ұсынылады.[14] Ауру жұқтырған адам емделмесе, шамамен 11 жыл өмір сүреді.[5] Анасына да, балаға да антиретровирусты терапия жүргізу арқылы нәрестеде аурудың дамуын алдын алуға болады.[4]
2018 жылы әлемде шамамен 37,9 миллион адамның статусы — АИВ – оң болып, оның 770 000 қайтыс болған.[6] Жұқтырғандардың 20,6 миллионға жуығы Африканың шығысы мен оңтүстігінде тұрады.[15] ЖИТС анықталғаннан бастап (XX ғасырдың 80 жылдары), 2018 жылға дейін бұл аурудан 32 миллион адам көз жұмды.[6] 2019 жылғы дерек бойынша Қазақстанда (орыс.)қаз. 24 мыңнан астам адам АИВ жұқтырған.[16] АИВ/ЖИТС — пандемия, яғни өте ауқымды аймаққа белсенді түрде таралуда.[17] АИВ алғаш рет XIX ғасыр соңында не XX ғасыр басында, Орталық-батыс Африкада пайда болған деген болжам бар.[18] ЖИТСті алғашқы болып, 1981 жылы АҚШ Ауруды бақылау және болдырмау орталықтары (ағылш. Centers for Disease Control and Prevention, CDC) анықтаған, ал оның себебі — АИВ жұқпасы екені онжылдықтың басында мәлім болған.[19]
АИВ/ЖИТС қоғамға дерт ретінде де, дискриминация түрі ретінде де үлкен ықпалын тигізді.[20] Сондай-ақ аурудың экономикаға да ықпалы аз емес.[20] АИВ/ЖИТС жайлы "ауру күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста берілуі мүмкін" деген секілді жаңсақ түсініктер де өте көп.[21] Католик шіркеуі үрпекқапты аурудан сақтану үшін пайдалануды қолдамайтыны белгілі, сондықтан бұл ауру осы секілді көптеген дінге қатысты дау-дамайға да арқау болып отыр.[22] 1980 жылдары анықталғаннан бері АИВ/ЖИТС әлем медицинасы мен саясатының назарын өзіне аударып, үлкен қаржыландыруды талап етуде.[23]